І бөлімде үйірме мүшелерінің «Алпамыс батыр» жырына дайындаған сахналық қойылымы көрсетілді. Қойылымда «Алпамыс батыр» жырын 4 «А» сынып оқушысы Ақылбек Әділ жатқа айтып шықты. Оқиға желісіне байланысты рөлдерді 4 «А,Ә» және 3 «Ә» сынып оқушылары зор ынтамен, үлкен жауапкершілікпен ойнап шықты.
ІІ бөлім «Үздік Алпамысшылар мен Қобыландышылар» жыр байқауымен жалғасты. Ереже бойынша оқушылар 16 беттен тұратын жырды жатқа мүдірмей, жырдың кез келген жерінен тоқтатқанда келесі оқушы іліп әкетіп отырды. Жарыс басында Қыдырәлі Болманның «Қанекей, тілім сөйлеші» атты термесі қатысушыларға ерекше шабыт бергендей болды. Жыр айтуда мүдірмеген «Үздік Алпамысшы» 3 «Ә» сынып оқушысы Бақытжан Абылай, «Үздік Қобыландышы» 4 «Ә» сынып оқушысы Әзімжан Қайсар анықталды. Байқауға қатысқан оқушылар жырды оқуға зор жауапкершілікпен тыңғылықты дайындалған. Іс-шара барысында 6 «А» сынып оқушысы Бодаубек Назерке «Алпамыс батыр» ән-термесін, Ақылбек Әділ «Ақсисса» әнін нақышына келтіріп орындады. Бұл өтілген іс-шараның келер ұрпаққа ұлтжандылықты дарытып, бабаларымыздың ерлік, даналық қасиеттерін бойына сіңіруіне тигізетін әсері мол деп есептейміз. Кеш соңында мектеп директоры А.М. Сихимова үйірме жетекшісіне шығармашылық табыс тілеп, оқушыларды марапаттап, жылы лебізін білдірді. Әдіскер ұстаз Ш.Б.Смағұлова «Алпамысшылар мен Қобыландышыларға» жырды толықтай жаттап алуды ұсына отырып, Еліміздің ертеңі жастардың қолында екенін нақтылап берді. Ата-ана Джаутикова Гүлзира осындай іс-шаралардың балаларға берері мол екенін және болашақта жалғасын тапса деген ұсынысын айтып, рахметін айтты. Сынып жетекшілері: Қ.Айтишева, О.Төлешова және М.Мауленова «Қазақ балалар әдебиеті» үйірмесінде оқушыларының жыл бойы ізденіс үстінде болғанын айта отырып, іс-шара барысында олардың зор жауапкершілігі мен ынтасын, бір сәт есейгенін көріп аналық ризашылықтарын білдірді. Үйірме жетекшісі Б.Н. Джексенбаева іс-шараны қорытындылай келе үйірме мүшелеріне, сынып жетекшілеріне, ата-аналарына алғысын білдіріп, отбастарына амандық тіледі.



























































